«Заңгерліктен қайраткерлікке ұласқан жол», Д.Әмір, «Заң газеті», 16.01.2024 ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қазақ өзінің елдік даму тарихында ежелден адамдық пен арлылықты, тазалық пен әділдікті қастерлеп, кие тұтқан халық. Қазақтың елдік қадір-қасиет белгілерінің жиынтық идеалдық образы билер дейтін болсақ, оған қойылар талап та өте биік болғаны белгілі. Ал қазақта сол биік талапқа сай сарабдал сұңғыла, заңғар биік, өрелі билер аз болмаған. Және әдеттегімізше, бір-біріміздің аузымызға түкіріп қойғандай тақылдап ала жөнеліп, әбден әйгіленген үш биімізді қайталай беретін де жөніміз жоқ. Себебі қазақтың билік деңгейі тек Төле, Қазыбек, Әйтеке билермен ғана шектелмеген ғой. Тарихи тұрғыдан келсек, бұл даңқы жер жарған қасиетті де қадірменді билеріміз Әз Тәуке ханм мемлекет тұғыры – Жеті Жарғыны құрастырып, бекіту тұрғысынан қазақтың үш жүзінің ішінен, өз замандастарының арасынан сүзгіден өткізіп, саралап алған үш биі, яғни, өз дәуірінің таңдаулы үш биі еді. Ал қазақтың билер тарихы бір кезең, бір дәуірмен өлшенер ме?!

Айтқымыз келгені, билердің қазақ тарихындағы алар орны ауқымды. Сондықтан, оның орнын айқындау үшін, бір кезең, белгілі билер дәуірін шиырлай беру, біздіңше, өз өрісімізді шектеумен тең. Бұлайша ой өрбіту халқымыздың билер тарихының аясын тарылтып, тығырыққа тірейді. Қазақтың даналығының бастауындай, әрі би, әрі шешен, әрі өз заманынан әлденеше ғасырға озып, жұртының мыңжылдық тағдырын алақанға салғандай болжап кеткен әлемдік деңгейдегі теңдессіз көріпкел, дара сәуегей Мөңке биден бері қарай тарқатсақ, қаншама ғажайып өрелі данышпан билерімізді атап шығуға болар еді!

Өз кезеңінің мойны озық тұлғаларының бірі – Томан би. «Би» атаулыға қойылар талап туралы: «Шешілмей жатқан дауды шешіп айт, қиянат жолын кесіп айт, Қызыл желдей есіп айт, Ақиқаттың ақ жолына түсіп айт, Ақиық қырандай, нұрлы аспанды құшып айт, Сөзің болсын саф алтындай ұстаған, Әділ билік арың болсын нұсқаған. Ырық берме месқарын зорға, Ел қамын жеген сөзің болсын жорға. Қыздырманың қызыл тіліне ерме, Жауға сырыңды берме, Ер болсаң өсекке ерме, Досыңды дұшпандай көрме, Лағынет айтпасын халқың, Сен өліп көрге кіргенде!...» деп толғаған екен. Жасындай жарқылдап, ұшқын атқан осы бір, қара қылды қақ жарған, ар мен әділдік жолына нұсқаған ғибратты сөздер кешегі билеріміз үшін ғана емес, сол қастерлі тұлғалардың бүгінгі жалғасы – заңғар заңгерлерімізге де бағытталып айтылып тұрғандай.

Біз тап осы жолдардан бүгінгі тақырыбымыздың өзегіне айналып отырған қадірменді ел ағасы, қатардағы заңгер ғана емес, талай кезең заңгерлерінің ақылшы ұстазы, тәлімгері Мұсабек Тұрғынбекұлы Әлімбековтің бәрімізге қымбат, аяулы да ыстық, жанымызға жақын жарқын тұлғасын көз алдымызға елестетеміз. Біздің билер сөзін қастер тұтатын бір себебіміз де осыдан болуы керек, Томан бидің жоғарыдағы сөздерінде Мұсабек Тұрғынбекұлындай заңгерліктің алғашқы қадам-табалдырығынан бастап, талай асу-белестен өткен бүгінгі күннің тарлан заңгерлерінің де бейнесі тұлғаланып тұрғандай.

Мұсабек Әлімбеков әуелгі қадамынан бастап осы күнге дейін заңгерліктің жілігін шағып, майын ішіп, қазақ заңнамасының биік тұғырынан ойып тұрып, орын иелене отырып, Томан бидің сөзімен кестелеп сөйлесек, өзінің сара жолында, «шешілмей жатқан дауды шешіп айтқан», «қиянат жолын кесіп айтқан», «ақиқаттың ақ жолына түсіп айтқан», еліміздің заң саласының «ақиық қыранындай» биік заңғар қияларға шарықтай көтеріліп, «нұрлы аспанды құшып айтқан», шешімді билік сөзін «саф алтындай ұстаған», «нұсқаған әділ билігі арындай болған», «ел қамын жеген», «қыздырманың қызыл тіліне ермеген», міне, нақ осындай қасиеттері арқылы халқының махаббаты мен сүйіспеншілігіне бөленген, өзінің заңгерлік тұғырына көтерілуі арқылы ел ағасына айналған Мұсабек Тұрғынбекұлы жайлы айтарымыз, көкейімізде заңғар тұлға туралы ақтарарымыз өте көп.

Шыңғыс ханның «мемлекеттік жол-жосынды байсалды әділ орындаса, көпке қадірі болмақ» деген сөзін оқып отырып, бұл тәмсіл өзіміз ғана емес, бүкіл сот қауымдастығы, барша жұртымыз болып қадір тұтатын тұғырлы тұлға, заң ғылымдарының докторы Мұсабек Әлімбековке арналғандай көрінді. Оның мемлекеттің сот саласына сіңірген ерен еңбегі, сот жүйесін дамытуға қосқан сүбелі үлесі, нәтижелі ісі, әрқашан ақ сөйлейтін сөзі, кісілік бітім-болмысын айқындап тұратын ақжарқын келбеті ортасына сыйлы, көпке қадірлі қайраткер тұлғаға айналдырды. Тастүйін  ой-пікірлері, айқын да ашық, байсалды тұжырымды көзқарастары мен салмақты жүріс-тұрысы қосылып, біздің заманымыздың қадірлі қайраткері бейнесін сомдап, көз алдымызға алып келетіндей. Біздің пайымымызша, жұртына танылған, жаппай мойындалған қайраткер тұлға ел заңнамасына үлесін қосар заңгерге де айнала алады, ал кез келген заңгер ел қайраткеріне айналуы екіталай, тіпті болмаса, сирек кездесер жағдай. Өйткені, адам баласы заңгерлікке оқып-іздену арқылы көтерілсе, қайраткерлік – халқының өзі айқындап, танып, бағалауы арқылы берілетін атақ. Осы тұрғыдан келгенде, Мұсабек Тұрғынбекұлын ресми салмақты ортаның елінің биік өрелі қайраткері ретінде әлдеқашан мойындап, танитынына көзіміз жеткен.

Мұсекең туралы ағымнан жарылып, ақтарылмас бұрын, ол кісімен ең алғаш танысып, жүздескен сәулелі шақтар көз алдыма елестейді. Өз басым әлі заң саласының қазанында қайнап-піспеген, арқау жібім босаңдау, тәжірибесіз шағымда кездескен Мұсекең маған бірден байыпты көзқарастарымен селт еткізердей ой салған, мұзжарғыш кемедей қайратты, майталман заңгер тұлғасымен баурап тартқандай болып еді. Әлі жастау шағыңда, өзің арқа сүйейтін мызғымас жартастай тау тұлғаларға тартылғың келетіні, сондай тұғыры мықты қайсарлықты аңсап тұратының болады ғой. Сондай жандарға еліктегің, қасиетін жұқтырғың келетіні рас. Маған Мұсекең осындай жарқын келбетімен оқыс әсер етті, нақ осы жанға сырымды ақтарып, жан дүниеммен бөліскім келді. Бұл кезде өз ойымша біраз тәжірибе жинақтап, заң саласында оң-солымды айқындап қалғандай, өз-өзіме сенімім нығая түскендей бір кезеңдерді бағындырдым деп ойлап жүрген шағым еді. Ойымды айқындай түсу үшін аздаған шегініс жасауға тура келеді.

Сонау 1988 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдап, жоғары оқу орындарының талабына сәйкес үш жылдық тағылымдамадан өту үшін жолдама алып, Солтүстік Қазақстан облысынан бір-ақ шықтым. Қарап отырсам, тағдыр жолы мені бірден қиын тезге салып, сынағандай, сол арқылы шыңдағандай болған екен. Оған еш өкінерім жоқ, осындай сынақ жолынан өту арқылы біраз ширадым, тәжірибе жинақтадым. Атап айтар болсам, сол облыстың адвокаттар алқасындағы қызметімнен бастап, бірнеше аудандық соттың судьясы бола жүріп, өзіндік заң мектептерінен өтіп, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының мүшесі болып сайландым. Асыра айтқандық болмасын, осы тұста өзіме сенімім арта түсіп, ысылып қалғандай сезіндім. Әрине, меніңше, біздің заң саласында бұл өте маңызды, сенім ғана адамды алға жетелейді, құлшынысыңды арттырады, бұл – менің өз өмір жолымда әбден көзім жеткен ой түйіні.

Дегенмен, дәл осы кезеңде тағдыр сынағы менің алдымнан мүлде күтпеген, жоспарламаған сыбағасын тартты. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында еріксіз осы кезде үйреншікті болып қалған жылы орнымды қалдырып, ауысуыма тура келген жағдай орын алды. Оның мәнісі отбасылық жағдайымнан туындаған еді. Мен ата-анамның әлпештеп өсірген тоғыз баласының бірімін, әкей өмірден ерте өтіп, бар ауыртпалық отыз бес жасында жесір қалған анамның басына түсті. Әрине, бір ұядан ұшқан әрқайсымыз үшін анамыздың жөні бөлек шығар, дегенмен, өзгелерден ерек қара шаңырақтың ауыртпалығын мойныма жүктеп алуымның өз қисын-орайы бар еді. Әрі балаларының алды ретінде, әрі дәл маған сіңірген еңбегін айрықша көргендіктен шығар, анам алдында өзімді мейлінше борышкер, міндетті сезініп, ат басын туған облысқа қарай бұруды жөн деп шештім. Осындай шешіммен, мамандығыма сай қызмет қарастыру үшін Жамбыл облыстық әділет басқармасынан бір-ақ шықтым. Міне, осындай өзім үшін айрықша бетбұрыс жасаған кезде тағдыр мені Мұсабек Тұрғынбекұлындай мейлінше көзіқарақты, адам тағдырына селсоқ қарай алмайтын, терең ойлы, көзқарасы орнықты, өмірлік тәжірибесі мен қадір-қасиетін ұштастыра білген, ақыл-парасаты мол ел ағасына жолықтырды. Осындай жарқын тілекті жанның жүрекжарды ықылас-пейіліне бөлену тағдырдың маған тартқан өлшеусіз сыйындай сезілгені рас. Бұл менің толқып жүрген, ақыл-кеңеске зәру болып жүрген кезім еді ғой. Мұсекең бірден ашық пейілімен емен-жарқын қарсы алды, ежелгі танысын көргендей бірден жылыұшырай сөйледі, ұмытылмастай есте сақталғаны да осы ең алғаш көрген сәттегі ашық жарқын тұлғасы еді. Мұндай адамға бауыр баспауың да мүмкін емес шығар-ау!

Осылайша, тонның ішкі бауындай қабысып кеткен араластығымыз басталып кетті. Мен үшін Мұсабек Тұрғынбекұлындай жан-жақты қабылетті, сегіз қырлы, бір сырлы, жан-дүниесі бай, әрі қырық қабат астарлы, біліктілігі мен адамгершілік қадір-қасиеті тоғысқан жанмен әр кездесуіміз өз алдына бір мереке деп бағалаймын, соны аңсап, күтіп жүремін, өлшеусіз ләззат аламын. Қарап отырсам, сол алғаш ұшырасқанда Мұсекең небары қырықтың ішіндегі қылшылдаған жас екен. Сөйтсем, қырық жасында «қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп жырлаған дана Абай секілді, жасымен қартаймаған, санасымен қартайғандай болып көрінген екен біздің Мұсекең! Сол кездері түріне қарасаң, жап-жас уыз келбетті, ал салмақты ойларына қарасаң жүзге келген абыздай аузынан асыл сөздер төгіледі, сол маржандай лебіздерге елітіп, жаның сусындап, рахаттанып, отыра түскің келеді. Рухани байлығы мол адаммен пікірлесіп, ой бөлісу, шер тарқату қандай ғанибет!

Мұсекең жерлес ағам болғандықтан, ол кісі туралы жылы лебіздерді ертеден естіп, сырттай сүйсініп, жолығып, әңгімелесудің орайын іздеп жүретінім де шындық еді. Сол кездерде, менің аңдауымша, ол жас та болса болашағынан мол үміт күттіретін заң саласының жетекші басшыларының қатарында аталатын.

Мұсабек Тұрғынбекұлы туралы келелі ой өрбіту, оның сан-салалы қызметі туралы тарқатып, пікір білдіру, мен үшін әрі оңай, әрі қиын секілді. Оңай болатыны, сол әуелгі таныстық басталғаннан бері байланысымыз үзілген емес, етене жақын, қатар жүрмесек те, хабар алысып отырамыз, адамдық, азаматтық тұлғасын бір кісідей айырып, ажырата алатындай сезінемін. Ал қиындау дейтінім, ол кісіні өзімнен қашықтатқаным емес, көзімнің жететіні жан-дүниесі терең, екінің бірі байыбына бара беретіндей қатардағы көптің бірі деп айта алмас едім. Ол кісінің сырына бойлау үшін жан-жақты қатпар-қырларына үңіле білу керек. Сөз жоқ, күрделі тұлғаның қадір-қасиетіне бойлау үшін, бетінен қалқымай тереңірек ой өрбітуге тура келеді. Өйткені, ол кісіні үнемі алда ұстап, өмір жолын сабақ тұтып, тағылым алумен, танып келе жатырмыз. Алдыңда өнеге қылып ұстар осындай ұстаз, тәлімгер ағаңның болуы да бір ғанибет емес пе?!

Мұсабек Тұрғынбекұлы 1981 жылы Қазақ мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітіріп шыққан соң, еңбек жолын Мерке ауданындағы жиырма алтыншы партсьезд атындағы колхозда жұмысшы болып бастап, Жамбыл облыстық сотында тағылымдамашы, Жамбыл қаласы Орталық ауданында халықтық судья, Жамбыл облыстық сотының мүшесі, Жамбыл облыстық соты төрағасының орынбасары болып қызмет істеген. Осы қызмет баспалдағымен сатылап көтеріліп, мол заңгерлік және басшылық тәжірибе жинақтаған. Бұл жылдар, халқымыз айтатындай, қамал алардай күш-қуаты қабындап тұрған қайратты шағы болатын. Өз саласының мықты маманына айналған Мұсекең өзіне артылған сенімді ақтай біліп, мәртебелі биікке көтерілді. Ол тоқсаныншы жылдардың ортасына қарай Жамбыл облыстық әділет басқармасының бастығы қызметін төрт жылдан астам уақыт абыроймен атқарды. Ол уақытта елімізде әділет саласында жаңарулар жүріп, тың бастамалар көтерілді. Мұсекең  1996  жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы, 1999 жылы Жамбыл облыстық сотының төрағасы лауазымына тағайындалды. Осыдан бастап, Мұсабек Тұрғынбекұлының еліміздің сот жүйесін алға апаруға, дамытуға терең білімімен, бай тәжірибесімен, іскерлігімен, жаңашылдығымен қосқан үлесі ұланғайыр. Оның бойындағы тазалық пен адалдық, жасандылыққа қас әдеті әріптестерінің ғана емес, оны білетін басқа да үлкен-кіші азаматтардың оған деген сый-құрметін арттыра түсті. Өз заманында төрткүл дүниеге билігін жүргізген Шыңғыс хан: «Қатыгез емес, әділ-шыншыл, турашыл-адал, білікті, ақыл-парасатты  адамға құрмет көрсете білу керек» деп даналық сөз қалдырған. Осы орайда, Мұсабек Тұрғынбекұлының елшіл, көпшіл, мемлекетшіл қадір-қасиетіне, сот жүйесіне беріліп атқарған қалтқысыз қызметіне лайықты құрмет көрсетілді, еңбегі әділ бағаланды.

2000  жылдары Мұсабек Тұрғынбекұлы өзін тұлға ретінде мойындатып, алға қарай нық қадам басқан сәтті кезеңдердің бастауы болды. Атап айтқанда,   2001 жылы Алматы қалалық сотының төрағасы болып, жаңа жауапты қызметке кірісті. Араға бес жыл салып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметіне жоғарылады. 2009 жылы Жоғарғы Соттың төрағасы болып тағайындалды. Бұл лауазымға Мұсабек Тұрғынбекұлы заңгерлік мамандықты терең меңгеріп, табанды еңбек нәтижесінде қол жеткізгенін халық жақсы біледі.

Еліміздегі жоғары сот органының басшысы болу үлкен жауапкершілік жүктейтінін Мұсабек Тұрғынбекұлы жақсы сезінді. Білек сыбанып, жанкешті тірлікке ден қоя кірісті. Осы тұста елімізде құқық қорғау саласында, жалпы, сот жүйесінде елеулі өзгерістер жүргізіле бастаған кез-тін. Мемлекет басшысының кезекті жолдауынан туындайтын қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге байланысты келелі міндеттерді жүзеге асыру мәселесі талқыланған Бас прокуратура, сот жүйесінің және басқа да жауапты мекеме басшылары қатысқан алқалы жиында, белгілі журналист Асқар Тұрыпбайұлы кезінде жазғандай, Жоғарғы Сот төрағасы Мұса­бек Әлімбеков қылмыстық-құқық­тық саладағы заңнаманы либера­ли­зациялаудың өзектілігіне кеңінен тоқталады. Оның айтуынша, қоғамдық үлкен қауіп тудыр­майтын қылмыстарды әкімшілік құқық бұзушылық санатына жатқызудың, адамды қоғамнан оқ­шау­лау сияқты жазаны азайтудың артықшылығы жеткілікті. Айыпталушыны әкімшілік жаза­ға тарту барысында тәртіп бұзу­шылық тағы да қайталанатын бол­са, қылмыстық жазаға тарту мәселесін қолға алуымыз керек, әкімшілік презумпция деп отырғанымыз да сол. Қылмыспен келген әрекеттің шығынын толтыру жолы мен тиімді әдісі туралы судьялардың V съезінде мәселе қозғалған. Жәбірленуші мен айып­талушының ортақ келісімге келуінен көп сауалдың орнықты жауабы табылады емес пе? Судья­лардың шешім шығарған кезде асығыстыққа бармай, жасалған қылмысты байыпты түрде зерттеп, терең талдай білуінің, кәсіби білік­тілігінің берері зор. Ең бастысы, қандай жағдайда болмасын, адам құқықтары бұзылмауы – басты талап.

Көпшілікке жақсы белгілі, мемлекет барлық азаматтардың құқығын қорғауға кепілдік беріп отыр. Қылмыс жасағандардың дүние-мүлкі тәркіленіп, айыппұл да салынады. Бұл орайда назар аударатын бір жәйт – сол жинақталған қаражаттың барлы­ғы дерлік бізде бір бағытта жүреді. Анығырақ айтқанда, бұл қаражат түгелдей мемлекеттің бюджетіне кетеді, бірақ бұл міндетті түрде бюд­жетке аударылатын салық емес қой. Негізінде мемлекет бюджеті салық есебінен ғана құралуы керек. Олай болса келешекте мұндай қыл­мыстық әрекеттен түскен қаражат­ты бір қорға жинаған тиімді. Көпшілік пікірінше, сол қордан қылмыстан жапа шеккендер шығынын өтеп берген орынды. Ойлана білсек, мұның өзі де ізгіліктің бір белгісі емес пе? Жәбірленушіге ең қажеттісі де айыпталушының темір торға қамалғаны емес, керісінше, өз уысынан кеткен шығынды уақыт өткізбей қайтып алу екендігі даусыз», - деген Мұсабек Әлімбековтің ұтқыр сөзі отырғандар наразын өзіне аударған-ды. Білікті басшының тың көзқарас тұрғысынан қозғаған жаңашыл пікірі сол кездегі қоғамның талабымен үндесіп жатқанын пайымдау қиын емес.

Жоғары лауазымда отырған адам тек басшы ретінде ғана емес, адал азамат ретінде де қарамағындағыларға қамқор болғаны жөн деп жатамыз. Бірақ, басшының бәрі кейде біздің сол ойымыздан шыға бермейтіні рас. Ал біздің кейіпкеріміздің өн бойында арда азаматқа тән қасиет көп. Елімізге есімі белгілі, қызметі мәлім майталман заңгер, қайраткер Мұсабек Тұрғынбекұлы халықаралық деңгейде де әділсот төрелігін жүзеге асыру құрметіне ие болған тұлға қатарында. Мұсекеңнің бұл лауазымды қызметі – өзі үшін зор жетістік болса, біздің Жоғарғы Сот ұжымы  үшін – үлкен бедел, жас заңгерлер үшін – әрдайым үлгі-өнеге! Ол жетістігі – 2011 жылдың желтоқсан айынан бастап Еуразиялық экономикалық қауымдастық Сотының Қазақстан Республикасы атынан алдымен судьясы, кейіннен Сот Төрағасының орынбасары, ал 2013 жылдың желтоқсанында Евразиялық экономикалық қауымдастық Сотының Төрағасы болып сайлануы. Мұсекеңнің халықаралық сот саласындағы еңбегі алдағы уақытта заңгер-ғалымдар үшін тың тақырып ретінде зерттеле жатар. 

Мұсабек Тұрғынбекұлы Евразиялық экономикалық қауымдастық Сотының төрағасы лауазымындағы қызметін абыроймен аяқтаған соң,  Қарағанды облыстық сотының төрағасы болып жемісті еңбек етті. Ал 2016 жылғы қарашада өткен Қазақстан Республикасы Судьялар одағының кезектен тыс ҮІІ съезінде Мұсекең Одақтың төрағасы болып сайланды. Бұл Мұсабек Тұрғынбекұлы сынды тәжірибелі басшы, білікті судья және беделді азаматқа заңгерлік қауымдастықтың көрсеткен тағы бір зор сенімі болды.

Мұсекеңнің сот жүйесінде қол жеткізген ұшан-теңіз жетістігі бір төбе де,  ғалым ретіндегі ізденісі, зерттеу және ғылыми еңбегі бір төбе. Ол зерделі зерттеуші, заң ғылымдарының докторы. Заңгер-ғалым Мұсабек Әлімбековтің «Сот құқық шығармашылығы және құқық қолдану механизмінде азаматтық құқықты қолдану» атты монографиясы, «Қазіргі кезеңде соттың азаматтық-құқықтық нормаларды қолдануы», «Сот сараптамасы», «Азаматтық заңнамаға түсініктемелер», «Зияткерлік меншік құқығы туралы даулар», «Қазақстан Республикасындағы зияткерлік меншік құқықтарын сот арқылы қорғау: соңғы тенденциялар мен перспективалар», «Әлемдік жаһандану жүйесіндегі еуразиялық интеграция: өзекті саяси-құқықтық аспектілері» атты кітаптары –  жас ізденушілер мен жас заңгерлерге қажетті ғылыми еңбектер.

Мұсабек Әлімбеков еліміздің сот жүйесіне сіңірген ерен еңбегі үшін «Парасат» орденімен, Президенттің «Алтын Барыс» төсбелгісі бар Алғыс хатымен, «Мінсіз қызметі үшін», т.б. медалімен және Қазақстан Республикасы Судьялар одағының «Үш би» құрмет белгісімен, тағы да басқа халықаралық сыйлық, атақтармен марапатталғанын айта кетуіміз ләзім.

Шоқан Уәлиханов «Дүниеде әділдік пен адалдықты ту еткен адамнан артық ешкім жоқ» деп жазғандай, біз мағыналы да мәнді өмірінің жетпісінші биігіне елге сіңірген өлшеусіз еңбегінің арқасында, үлкен абырой-беделмен көтеріліп отырған алдыңғы буын әріптесіміз, көрнекті қоғам қайраткері Мұсабек Әлімбековті өскелең ұрпаққа үлгі тұтуға толық құқымыз бар. Өйткені, ол – бүкіл өмірінде әділдік пен адалдықты ту еткен заңғар заңгер, арлы азамат.

Д.Әмір,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы